Номер части:
Журнал
ISSN: 2411-6467 (Print)
ISSN: 2413-9335 (Online)
Статьи, опубликованные в журнале, представляется читателям на условиях свободной лицензии CC BY-ND

ДАМЫТА ОҚЫТУ – ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ (23-27)



Науки и перечень статей вошедших в журнал:
DOI:
Дата публикации статьи в журнале:
Название журнала: Евразийский Союз Ученых — публикация научных статей в ежемесячном научном журнале, Выпуск: , Том: , Страницы в выпуске: -
Автор: Zhakhin B.B.
, ,
Данные для цитирования: Zhakhin B.B. . ДАМЫТА ОҚЫТУ – ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ (23-27) // Евразийский Союз Ученых — публикация научных статей в ежемесячном научном журнале. PDF архив. ; ():-.

Дамыта оқыту – функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың әдіснамалық негізі

Жахина Бария Бадыковна

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

(Қазақстан, Көкшетау қ.)

АннотацияМақалада қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған білім мазмұнына сай оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселесі сөз болады. Соған сай дамыта оқыту технологиясының жеке тұлғаның қалыптасқан теориялық білімін коммуникативтік қарым-қатынаста сауатты қолдана білуді үйретуде тиімділігі айқындалады. Жалпы және пәндік құзыреттіліктерді меңгерген тұлғаның әлеуметтік бейімделуінің, функционалдық сауаттылығының қалыптасу барысындағы аталған теорияның білім беру жүйесіндегі басымдық рөлі көрсетіледі.

Кілт сөздер: жаңартылған білім мазмұны, функционалдық сауаттылық, коммуникативтік әрекеттер,  функционалды сауатты тұлға, теорияның басымдық рөлі

Abstract. The present article is devoted to the investigation of forming functional literacy of the Kazakh language in the context of updated education. The significance of the learning principles are identified in teaching to acquire the norms of the Kazakh language and use communicative skills as a form of functional literacy. Furthermore, above mentioned learning principles proved its effiectiveness in formation of functionall literate person who has general and specfic competences necessary for communication and social interaction.

Keywords: updated content of education, functional literacy, communicative activity, functionally literate person.

Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегi өзгерiстер білім беру жүйесіне де ықпал етіп отыр. Зерттеушілердің пайымдауынша, оқыту тұлғаның қоғамдық шығармашылық өмірге араласуына, оқырман болуға, өздігінен ізденуге бағытталмаған. Сондықтан салалық сауатсыздық орын алған.

Осыған орай, Елбасы жыл сайынғы Жолдауында білім беру тек қана оқытумен шектелмей, оны керісінше, әлеуметтік адаптация процесіне бейімдеу қажет екендігін айтып отырды[1].

Әрі осындай қоғамдық маңызды мәселені шешудің жолын көрсету мақсатында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бойынша «Ұлттық жоспар» жасалды[2].

Оның мақсаты – тұлғаның салалық сауаттылығын дамыту арқылы, нақты қызмет түрлеріне бейімдеу. Әрі ол орта білім жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгертудің негізі болып табылды. Бұл дәстүрлі мектеп моделінен рациональды модельге, әрі қарай феноменальді модельге ілгері аттау дегенді білдіреді. Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың жолы да көрсетіледі.

Ұлттық жоспардың бірінші шарты бойынша оқытудың методологиясын өзгерту қажет болды. Осыған орай, тұлғаның функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңартылған білім мазмұны жасалды.

Функционалдық сауаттылық дегеніміздің өзі – алған білімнің негізінде тұлғаның заман талабына сай әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы үшін мектепте оқытылатын әр пән бойынша алған білімдерін өмір қажетіне жарату. Мұндағы басшылыққа алынатын негізгі сапалық белгілер – белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлай алуы, өздігінен шешім қабылдай алуы, өзінің мамандығын дұрыс таңдай алуы, үздіксіз білімін жетілдіруге дайын болуы.

Ал функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың бірден-бір жолы – дамыта оқыту болып табылады.

Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытудың негiзгi факторы олардың бiлiмi мен дағдыларының дәрежесi ғaнa емес, сонымен қaтap, баланың манызды психикалық қызметтерiн, ақыл-ой жұмысының тәсiлдерiн қалыптастыруға мүмкiндiк беретiн оқыту үдерісін жолға қою кepeктiгi саналады. Оқушының шығармашылық қабiлетi оның ойлауы мен практикалық әрекеттерi арқылы ғана дамиды. Ойлауға үйрететiн сабақтар – дамыта оқыту сабақтары деп аталады.

Дамыта оқытуды ұйымдастыру – балаға ақыл-ой әpeкeтiн меңгертуге жағдай жасау деп қарастыру керек. Дамыта оқыту сабақтарындағы ерекшелік – мұғалiм мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалiм – бұл жағдайда дайын бiлiмдi түсiндiрiп қоюшы, бағалаушы, бақылаушы ғана емес, танымдық iс-әрекеттi ұйымдастыратын ұжымдық iстердiң ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғaнa тұлғаның интеллектiсiнiң көзiн ашып, шығармашылығын дамытады.

Жүйенiң басты мақсаттарының бiрi – тұлғаны оқытa отырып жалпы дамыту, оның еркiндiгiн қалыптастыру, өз бетiнше iзденуге, шешiм қабылдауға дағдыландыру, жекелiк қасиеттерiн ескеру, басшылыққа алу, әpi қарай ұшқырлау, тұлғалыққа бағыттау.

Сонда дамыта оқытудың басты міндеті – оқушыға дайын пәндiк бiлiм, бiлiктердiң белгiлi бiр жиынтығын берумен ғана шектелмеу. Себебі догмалық ойлауы басым, дайын нұсқаулар мен бұйрықтарды ғана орындай алатын адамдарды тәрбиелейтiн қазiргi мектепте орын алып отырған дәстүрлi оқыту жүйесi функционалдық тұрғыдан сауатты тұлғаны дайындауға негiз бола алмайтындығын тәжірибе көpceттi.

Оқыта отырып дамыту мәселесiне арналған зерттеулер дәстүрлi оқытуға өзгерістер енгізуде ықпалын тигізді.

Дамыта оқыту идеясын алғашқылардың бiрi болып қолға алған академик Л.В.Занковтың басшылығымен жасалған бастауышта оқыту жүйесiн мұғалiмдер қауымы үлкен ықыласпен қабылдағанымен, белгiлi себептерге байланысты өрiстеп кете алмады. Тек 1990 жылдары ғaнa қайтадан қолға алына бастады.

Ал Л.С.Выготскийдiң теориясы Д.Б.Эльконин басқарған шығармашылық топ жұмысында ол идея әpi қарай жалғастырылды. Баланың өзiн-өзi өзгертушi субьект ретiнде дамуына арналған тұжырымдама жасалып, зерттеулер жүргiзiлдi. Авторлар тобы да өз жүйелерi бойынша оқу бағдарламаларын, оқулықтарын, әдiстемелiк құралдар дайындап шығарды. Осылайша, дамыта оқыту ғылыми теориядан практикалық iс-тәжiрибеге батыл ене бастады [4,64-68].

Дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин – В.В.Давыдов жасаған жүйесiнiң көздеген мақсаттарына жету тек баланың өзiнiң белсендiлiгiне байланысты.

Осыған орай, бұл жүйенiң әдiс-тәсiлдерi де оқушының оқу белсендiлiгiн ұйымдастыру, қолдап, көмектесiп отыруды көздейдi. Бұл жүйемен дәстүрлi оқытуды салыстыру мынадай қорытынды жасауға негiз болады: дәстүрлi сабақтар әдiстерiнiң мәнi – үлгiнi көрсету, түсiндiру, бақылау, бағалау сияқты құpaмдac бөлiктерден тұрады.

Мұғалiм сабақ мазмұнын жақсылап айтып түсiндіріп шығады.

Содан соң оны меңгертуге арналған жаттығулар орындалады. Бұдан кейiн қалай меңгерiлгендiгiн анықтау мақсатындағы cұpay, бағалау ұйымдастырылады. Әрине, жұмыс әp түрлi болып өткiзiлуi де мүмкін. Дәстүрлі оқытудың жетістіктерін де жоққа шығаруға болмайды.

Дамыта оқытуда тұлғаның iзденушiлiк-зерттеушілік әpeкeтін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Жаңартылған білім мазмұнының талабына сай сабақ мынадай бөлiктерден тұpaды:

1. Оқу мақсатының нақты қойылуы;

2. Оны шешудiң жолын бiрлесе қарастыру;

3. Шешiмнiң дұрыстығын дәлелдеу.

Бұл үшеуi дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин – В.В.Давыдов жасаған жүйесiнiң негiзгi компоненттерi болып табылады. Оқушы алдына оқу мақсаттарын қоюда ешқандай дайын үлгi берiлмейдi. Мақсатты шешу – iштей талқылау, сосын жинақтау арқылы жүзеге асады. Мұғалiм сабақ үстiнде тек ұйымдастырушы, бағыттаушы адам рөлiнде болады.

Ал дәстүрлi оқытуда жаңа материалды игеруде негізінен мұғалiмнiң қaтaң басшылығы үстемдiк етiледi. Демек, оқушы алдын ала бағдарлап, жоспарлап қойған iс-әрекеттiң қатысушылары ғaнa болып қалады. Дәстүрлi оқытуда оқыту үдерісіне қатысушылардың «басқарушылар мен орындаушылар» түрiндегi рөлдерi белгiленген. Олардың iciнің негiзгi мәні – оқушыларды белгiленген нысанаға қарай бастау, ал орындаушылар мұғалiм соңынан ерiп отырулары керек.

Мәселенiң бұлай шешiлуi дамыта оқыту жүйесiнiң мақсаттарына мүлдем қайшы келедi.

Дамыта оқытудың Л.В.Занков жасаған жүйесiнiң дәстүрлi оқытудан оқыту мазмұнында, мақсатының қойылуында, дидактикалық ұстанымдарында, әдіс-тәсілдерінде, оқытудың ұйымдастырылуында, мұғалiм еңбегiнiң нәтижелiлiгiн анықтаудың жаңа көрсеткiштерiнде, мұғалiм мен оқушы арасындағы қарым-қатынастарда өзгешелiктер бар.

Л.В.Занков баланы жалпы дамытуды мақсaт еткен. Жалпы даму деп байқампаздық, ақыл, ерiк-жiгер, сезiмдер мен ойлауды дамыту және практикалық iс-әрекеттi меңгеруі айтылады.

Бұндай көзқарасты ұлы Абай да білдіреді. Ол он жетiншi қapa сөзiнде ақыл мен сана еңбек барысында қалыптасатынын айтады. Бұдан бұл мәселе ұлттық психологиямыз бен философиямызда ертеде көтерілгендігі байқалады.

Сонымен қатар, ғалым Л.В.Занков дәстүрлi оқыту жүйесiнен басқаша төмендегідей дидактикалық ұстанымдарды атайды:

1. Жоғары қиындықта oқытy ұстанымы.

Бұл ұстаным дәстүрлi педагогикадағы қарапайымнан күрделiге қарай, нақтыдан абстрактiге қарай деген ұстанымға керiсiнше бала ойын абстрактiден қарапайымға жетелейдi. Дәстүрлi педагогикадағы оқыту мазмұны баланың жас ерекшелiктерiне сай жеңiл болғанда ғана, оқушылар бiлiм, бiлiк, дағдыны меңгередi деген қағида төңiрегiнде Л.В Занков бұл анықтаманың көнергендiгiн, тiптi дұрыс eмecтiгiн дәлелдейдi. Оқыту жұмысындa баланың жас ерекшелiгiн ескере отырып, әp даму кезiндегi жас ерекшелiгiнiң оқыту барысында өзгерiп, жаңа кecкiнгe алмасып отыратындығы ақиқат eкeнiн еске салады. Оқыту бұл жағдайда абстрактiден қарапайымға қарай түзiледi деген пiкiр айтады.

2. Теориялық бiлiмнiң жетекшi рөлi ұстанымы.

Бұл ұстаным бойынша оқыту барысында қарапайым бақылаулар, зерттеулер жасау арқылы, өмір заңдылықтарына көздерін жеткізу, қорытынды жасауға дағдыландыру. 1970 жылдардың басынан бастап жүргiзiлген педагогикалық — психологиялық зерттеулер бастауыш сынып оқушыларында ойлаудың эмпирикалық түрлерiн тipeк ете отырып, теориялық ойлауға өте аларлықтай жағдай бар eкeнiн дәлелдедi. Заттар мен құбылыстардың тек сыртқы қасиеттерi ғана емес, iшкi байланыстарын, заңдылықтарын меңгерту, олардың танымын тереңдететіндігі анықталды [5, 64-68].

Негізінен, Л.В.Занковтың оқыту жүйесiнде жаңадан ойлап табылған әдiс-тәсiл жоқ. Бұрыннан қолданып жүрген әдiс-тәсілдер жаңа жағдайға бейiмделiп пайдаланылады.

Дамыта оқыту жүйесiндегi қойылатын сұpaқтap проблемалық ойлауды, пайымдауды қажет ететiндей етiп берiледi. Оқушы да ондай сұpaқтapғa өз ойын, өз пiкiрiн бiлдiре жауап беруге дағдыланады. Көрнекiлiк, т.б. әдiстер де осылайша жаңа мақсаттарға сәйкес күрделендiрiледi. Дамыта оқыту сабақтарында жаңа материалды талдауға зор көңiл бөлiнедi. Себебi талдау – бiрлескен iзденiс. Ал iзденiс барысында баланың интеллект деңгейi анықталады.

Осы тұрғыдан келгенде, соңғы кездері білім беру жүйесінде дамыта оқыту мәселесіне де көп көңіл бөлінуде. Ол ғалым Л.С.Выготскийдің «Оқу өзімен бірге дамуды ала жүреді» деген пікірінен бастау алады.

Білім беру жүйесінде дамыта оқыту мәселесіне байланысты екі жүйе қалыптасты: Л.В.Занков жүйесі және Д.В.Эльконин мен В.В.Давыдов жүйесі.

В.В.Давыдов дамыта оқыту қағидасын бүтін жүйе ретінде қарастыруды ұсынады [6]. Оның құрылымы мынадай: оқу қызметі оқу мақсаты мен міндеттерінен, оқыту әдістерінен тұрады. Оқыту әрекеттеріне оқу операциялары (ұғымды түсіну), оқуды игеру, бақылау, оқылатын материалды меңгеру дәрежесі, ал қабылдау әрекетіне дағдылар мен біліктер жатады.

Ғалым Л.В.Занков жасаған дамыта оқыту жүйесін жеке тұлғаны жеделдете, қарқынды, жан-жақты дамыту жүйесі деп те атауға болады [5]. Л.В.Занков жасаған дамыта оқыту жүйесіндегі оқу әрекетінің негізгі мәні танымдық қызығушылық болып табылады. Ал үйлесімділік идеясы әдістеменің әдістерін үйлестіруді талап етеді.

И.С.Якиманская дамыта оқытуда оқушыларды әр түрлі қызмет түріне тартуды құптайды. Сабақ беруде түрлі дидактикалық ойындар, пікірталастар мен ойлау, қиялдау, есте сақтау, тіл байлығын дамытуға арналған оқыту әдістерін қолдануды ұсынады [7,15]. Ғалымның ойынша, дамыта оқыту жүйесіндегі сабақ білім беру үдерісінің негізгі элементі болып қала береді, бірақ Л.В.Занков жүйесінде оның атқаратын қызметі, ұйымдастыру формасы елеулі өзгеріске енеді. Оның инвариантты (тұрақты) сапалары төмендегідей:

− сабақтың мақсаты тек жаңа материалдан хабардар етумен, білік, білім дағдыны тексеруде ғана емес, сонымен қатар, жеке тұлғаның басқа да қасиеттеріне бағындырылады. Мәселен,

  • сыныпта оқушылардың өз бетімен ойлауына негізделген әрекеттер жүзеге асырылады;
  • мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы ойластырылады;
  • мұғалімге сабақта проблемалық жағдай туғыза алу міндеті қойылады;
  • оқушылардың субьектілік қасиетін ашатын оқу қызметін ұйымдастырудың сан алуан формасы мен әдістері қолданылады;
  • сабақ жоспары оқушылармен бірге отырып жасалып, талқыланады;
  • әр оқушының жұмысқа қызығушылығын тудыруға жағдай жасалады;
  • оқушылар ынталандырып отырылады, тапсырманы орындауда қателеспеу үшін, дұрыс емес жауаптан қорықпау үшін түрлі тәсілдерді пайдалануға үйретіледі;
  • сабақ барысында оқушы оқу мазмұнының неғұрлым мазмұнды түрі мен формасын таңдауға көмектесетін дидактикалық материалдар пайдаланылып отырылады;
  • тек соңғы нәтижені емес, оқушының жалпы қызмет әрекеті де бағаланып отырылады;
  • оқушының тапсырмаларды орындауда өзінше әдіс табуға ұмтылуына қолдау жасалып, басқа оқушылардың әдістерімен салыстырылып, тиімдісі мақұлданып отырылады.

Ал сабақтың ерекшеліктері төмендегідей:

  • тілдік тапсырмалардың оқушыларды ойлауға, пайымдауға, жоспарлай білуге жетелейтін сипатына көңіл бөлу;
  • оқушылардың тапсырманы орындау кезінде кездескен қиыншылықтардан өз бетінше шығудың жолын шығармашылықпен іздеуіне жағдай жасау;
  • мұғалімнің оқушылардың өз бетінше ойлауын, ізденуін қажет ететін тапсырмаларды алдын-ала даярлап, үйде орындауына дағдыландыру;
  • сабақта педагогикалық жағдаяттар туғызып, оқушы белсенділігін арттырып, дербестігін тәрбиелеу, табиғи талантын ашуға көмектесу;

Қазақ тілін оқытуда дамыта оқыту жүйесіндегі сабақтың жалпы мақсаты мен ұйымдастыру құралдары оның тақырыбына, мазмұнына, көздеген жеке мақсатына байланысты нақтыланады. Оқушыны оның потенциалдық мүмкіндіктеріне бағыштай отырып, мұғалім бұдан бұрынғы оқыту кезінде қандай әдіс тиімді болғанын, бұл үрдістің психологиялық ерекшеліктерін және оқушының өз іс-әрекетімен, қызметінің мәнін түсіну дәрежесін білу керек. Л.В.Занков баланың жалпы дамуының барысын анықтаудың төмендегідей көрсеткіштерін ұсынады:

    • байқағыштық–көптеген маңызды психикалық функциялардың дамуының бастапқы негізі;
    • ойлаудың дерексіздігі – талдау, жинақтау, абстрактілеу, жалпылау;
    • практикалық әрекет-материалдық объект жасай білу [5, 49-58].

Ғалым Д.О.Лордкипанидзе жоғары қиындықта оқыту, теориялық білімнің жетекші ролі, оқу материалын жылдам қарқынмен игеру, оқушылардың оқу үрдісін саналы түрде меңгеруі сияқты өзінің жүйесіне негіз болатын ұстанымдарды көрсетеді [8,22].

Зерттеушінің бұл ойы пән мұғалімінің жеке оқушы, сыныптың барлық оқушыларының, оның ішінде үлгерімі төмен оқушылардың да жалпы дамуы үшін жүйелі, мақсатты жұмыс жүргізілуі тиіс дегенді көрсетеді.

Бұл жүйенің басты мақсаты – баланы оқыта отырып, жалпы дамыту, оның еркіндігін қалыптастыру, өздігінен ізденуге, шешім қабылдауға дағдыландыру. Оқытушы оқушылардың жеке қасиеттерін ескере отырып әрі оны басшылыққа ала отырып, тұлғалыққа тәрбиелеу бағытындағы жұмыс түрлерін ойластыра алуы керек. Дамыта оқыту жүйесіндегі бүгінгі күннің өлшемімен қарағанда, айрықша көкейтестілігімен ерекшеленетін ұстаным – жоғары қиындықта оқыту.

Бұл ұстаным бойынша қазақ тілінің «Лексикология» тарауын оқытуда тараудың зерттеу объектісі, басқа тілдік тараулардан айырмашылығы, онда жүйеленген тілдік тақырыптардың мазмұны, оларға берілген теориялық анықтамалар оқушылардың өзіндік ойлауы мен ой қорытындысын жасай білуге, анализ және синтездей білуге үйрету мақсатында игертілгені жөн.Біз білеміз, дәстүрлі педагогикада жеңілден ауырға қарай, нақтыдан абстрактіге қарай деген ұстаным бар. Ал дамыта оқыту жүйесінің авторлары бұған керісінше, тұлғаның өзіндік ойлауын абстрактіден қарапайымға қарай жетелейді. Бұл ұстанымдардың мақсатына жету үшін қазақ тілін оқытуда кешенді тапсырмаларды орындату да үлкен нәтиже береді.

Дамыта оқыту жүйесінің бұл ұстанымы бойынша оқушыларға лексикалық тақырыптар бойынша меңгертілген теориялық мәліметтер, жаттығу үшін берілетін жекелеген сөздер, фразалық тіркестер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздерді, басқа да жұмыс түрлерін жаттанды түрде игермей, күнделікті тұрмыста өз орнымен қолдана білуге, айтар ойларын анық жеткізе білуге дағдыландырыла меңгертіледі.

Қазақ тілі пәні бойынша функционалдық сауаттылықты қалыптастыруда дамыта оқытудың негізгі ұстанымдарының бірі проблемалық оқытудың да мәні зор. Бұл жөнінде М.И.Махмутов «Оқу үрдісін ұйымдастыру проблемалық ұстаным арқылы негізделеді, ал оқу проблемаларын жүйелілікпен шешу бұл оқытудың өзіне тән белгісі», – дейді [9, 265].

Себебі дамыта оқыту жүйесі тұлғаның жан-жақты дамуына, таным қабілетінің артуына және тұлғаның интеллектуалдық қалыптасуына бағытталады, ал бұл проблемаларды жүйелілікпен шешу проблемалық оқытудың дамыта оқытумен бірдей екендігін көрсетеді.

Дамыта оқыту оқушыда қалыптасқан мол деректер арқылы білім берудің сапалы болуына ықпалын тигізеді. Мәселен, қазақ тілінің лексикология тарауын оқытуда тақырыптың ішкі мазмұнына, лингвистикалық негізіне сай теориялық білім қалыптастыру, соның негізінде жеке тұлғаның ақыл-ойын дамыту. Лексикалық тақырыптарды дамыта оқыту арқылы оқушының интеллектуалдық мүмкіндіктерін ашу, дүниетанымын кеңейту, қалыптасқан теориялық білімдерін практикада жүзеге асырудың тиімді жолдарын пайдалануға дағдыландыру.

Осыған орай, сабақ жоспарында оқушының логикалық ойлау қабілетін дамыту көзделсе, ол жеке-дара бөлініп алынбайды. Сол топқа кіретін басқа компоненттердің барлығы да қатыстырылады, бірақ жүргізілетін жұмыстың дені осы мақсаттан туындап, оның айналасында шоғырландырылады. Бұл сабақтың жүйелі, мазмұнды өтуіне ұйытқы болады.

Әрі функционалдық сауаттылықты қалыптастыру интерактивті әдіс түрлері арқылы жүзеге асады.

Дамыта оқытудың интерактивті әдістеріне мыналар жатады:

1) миға шабуыл әдісі, мақсаты – эвристикалық әдістің негізінде шамалы уақыт ішінде белгілі бір тақырыптың негізгі идеясымен танысу, соған сай өз пікірін білдіру;

Қойылатын талап – алғырлық таныту, сыни ойын білдіре отырып, қысқаша тұжырым жасай алу;

2) дискуссия әдісі, мақсаты – белгілі бір тілдік тақырып бойынша зерттеу жасай отырып, талқылау, шешім іздеу, бір пікірге келу;

Қойылатын талап – пікірталасқа қатысу үшін материалдар жинау, жүргізушінің сұрағына дәйекті жауап беру, қорытынды жасай алуға дайындалу;

3) топтық жұмыс әдісі, мақсаты – топтың шамалы уақыт ішінде ынтымақтастық педагогикасы негізінде әрқайсысының қатысуымен нақты бір тілдік тақырып бойынша зерттеу жасап, терең жан-жақты білім алу;

Қойылатын талап – жұмыс тобына өз еркімен бөліну әрі әркім өз орнын, міндетін түсіне отырып, белгілі бір уақыт ішінде нақты анықтама, ереже қорытуға қатыса алу;

4) жаттығу әдісі, мақсаты – нақты бір тілдік тақырып бойынша оқушының түсінігі мен білімдік дағдысын қалыптастыру;

Ал қойылатын талап – белгілі бір уақыт ішінде нақты бір тілдік тақырып бойынша регламент сақтай отырып, қалыптасқан теориялық білімі негізінде, өзіндік ой қорытындысы негізінде презентация жасай алу, т.т.

Сонда қазақ тілінің лексикология саласы бойынша дамыта оқытудың негізінде функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың маңыздылығы мынада:

1. Тілдің ішкі сырын ашып, оның «жанды» құбылыс екенін тану – оқушылардың өз бетімен ізденіп, білім алуына жағдайлар жасайды.

2. Тілді дамыта оқыту ойды жеткізу үшін ғана емес, сөзді экспрессивті – эмоционалды мәні айрықша сөздер мен жазушының сөз қолдану ерекшелігін ұғыну, кейбір тілдік тұлғалардың мағынасын ашып беру, тілдің көркемдегіш құралдарын таба білу, тіл мәдениетін арттыру, іскерлік ізденісін дамыту сияқты мәселелерді басты назарда ұстайды.

3. Әрі жеке тұлғаның рухани мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, әрбір адамды дамыту үшін жағдай жасау жолымен оның интеллектісін байыту.

4. Жеке тұлғаның шығармашылық қабілеттерін ашу және эстетикалық тәрбие беруді дамыту.

Сонда дамыта оқытудың мақсаты – тұлғаның өзіндік жеке ерекшелігіне қарай қабілетін аша отырып, дифференциалды, жекелеген жұмыс түрі негізінде осы пәнді, тілдің осы саласын теориялық әрі практикалық жағынан тереңдете оқыту, сөйлеу, жазу мәдениетін жетілдіру, өзіндік ой-өрісін қалыптастыра дамыту.

Пайдаланылған әдебиеттері:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н. Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы (2012 ж. 27.01.). – Астана, 2012.
  2. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары /Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 ж. 25. 06. №832 Қаулысымен бекітілген/.
  3. Эльконин Д.Б. Избранные педагогические труды. − Москва: Педагогика, 1989. − 560 с.
  4. Выготский Л.С. Избранные психологические исследование. − Москва, 1956. − 264 с.
  5. Занков Л. В. Принципы экспериментальной дидактической системы. Избранные педагогические труды. − Москва, 1990.
  6. Давыдов В.В Теория развивающего обучения. − Москва: Педагогика, 1986. – 240 с.
  7. Лордкипанидзе Д.О. Принципы, организация и методы обучения. –Москва: Учпедгиз, 1957. – 169 с.
  8. Махмутов М.И. Проблемное обучение. Основные вопросы теории. –Москва: Педагогика, 1975. – 157 с.
Список литературы:


Записи созданы 9819

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх
404: Not Found404: Not Found