Номер части:
Журнал

ИНТЕРАКТИВТІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ АРҚЫЛЫ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ (24-26)



Науки и перечень статей вошедших в журнал:
Авторы: Smagulova N.K., Kurmanova A.K., Zhukenova S.K.
DOI:


 

ӘОЖ 37.02

ИНТЕРАКТИВТІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ АРҚЫЛЫ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Смагулова Нургул Каирбековна

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

Көкшетау, Қазақстан

Курманова Айнаш Курмановна

педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

Көкшетау, Қазақстан

Жукенова Сулушаш Какеновна

аға оқытушы

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

Көкшетау, Қазақстан

№АР05135711 «Жаңа білім мазмұнына сай когнитивті — компенсаторлық (бейімдеушілік) стратегиялар негізінде функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың методологиясы» атты гранттық қаржыландырылған ғылыми жобасы негізінде жарияланды

АННОТАЦИЯ

В статье рассмотрен вопрос эффективности интерактивных методов обучения в формировании функциональной грамотности школьников. На уроках казахской литературы на основе анализа художественного текста систематизированы пути развития устной речи, художественного мышления учащихся. Проанализированы практические пути поднятой проблемы.

Ключевые слова: функциональность, стратегии, текст, обновление, грамотность.

ABSTRACT

The article deals with the effectiveness of interactive teaching methods in the formation of functional literacy of schoolchildren. At the lessons of the Kazakh literature on the basis of the analysis of the literary text the ways of development of oral speech, artistic thinking of students are systematized. The practical ways of the raised problem are analyzed.

Keywords: functionality, strategies, text, updating, literacy.

Көркем өнердің негізгі саласының бірі – әдебиет. «Әдебиет — сөз өнері» деген мағынасы терең ойды Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқыш» еңбегінде атап көрсетті. Қазақ халқының сөз өнері туралы, поэзия, өлең құрылысы туралы зерттеушілер көптеген құнды пікірлер айтқан. А.Байтұрсынов көрнек өнерін бес тарауға жіктей келе: «… бесінші – нәрсенің жайын, күйін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту – бұл сөз өнері болады. Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: ақылға, қиялға, көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі – тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау. Өлең тіліне ой сезімнің өткірлігі, тереңдігі тән» – дейді [1,4].

Ұлттың ұлылығын, ата-бабаның көрегенділігін, ұлағаттылығын танытатын, ұрпақты бар ізгі қасиетке тәрбиелейтін ұлт әдебиеті қашанда құнды, әрі қасиетті.

Қазақ әдебиеті пәнінде көркем мәтінді оқу барысында оқушыларды, ең алдымен, шығарма сюжеті, кейіпкерлер тағдыры қызықтырады. Соған байланысты олар өз көңіл-күйлерін білдіре біледі. Ақынжанды, сезімтал оқушылар шығарма кейіпкерлеріне ұқсағысы келеді, өзіне ұнаған кітабы мен кейіпкерлерін бүкіл өмір жолында жүрегіне сақтап, оны ерекше қастерлеу де жиі кездеседі.

Мұғалімнің басты міндеті – көркем шығарманы талдау кезінде туынды негізінде жатқан проблема, оның басты ойы, тілі сияқты сол көркем туындыны құрып тұрған көркем компоненттер туралы сөз қозғау. «Әдебиетші мұғалім ең алдымен көркем сөз сипатын ашатын заңдылықтарды  білуі керек. Сондай-ақ көркем туындыны  талдаудың ғылыми  әдістемелерін жетік  меңгеруі қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында  бірлескен еңбек, бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс»,- дейді белгілі әдіскер мұғалім Қ.Бітібаева. [ 2, 9 б]

Көркем туындыны талдау мұғалім мен оқушылардан да көркемдік ойды тану, эстетикалық тұрғыда қабылдау, талдау дағдыларын, іскерлігі мен машықтарын талап етеді. Мұғалім талдау барысында екі негізгі қызмет атқарады:

1) көркем туындыда көтерілген проблемалар, автор ойы, оның көркем компоненттері туралы, яғни талдау нені талап етеді, соны орындату;

2) оқушыны оқыған шығармаларын талдай білуге машықтандыру, дағды-іскерліктерін жетілдіру, әдеби талдауды үйрету қызметін ұйымдастырады.

Ұлы Абай он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, тартып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады…» [ 3, 29 б] дегеніндей, баланы оқытуға белсенді іс-әрекет болғанда ғана нәтиже болады. Әрқашан белсенді іс-әрекетке негіз болатын әдіс-тәсілдер мұғалім мен оқушыны шығармашылыққа, ізденімпаздыққа жетелейді. Дамыта оқыту, шабыттандыра оқыту мұғалім шеберлігін танытады. Әдебиет сабағында үнемі шығармашылық ізденіспен жұмыс түрлерін жандандырса, әдебиет пәні жас жеткіншекке тәрбие сәулесін шашады. Әр шәкірт сөз өнерінің қилы-қилы құпияларын танып, шетсіз-шексіз сыр мен сезімге толып аспандай кең әсемдік әлеміне самғайды. Абай осы қара сөзін: «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады, әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерде естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деп естілікке тоқталады [ 2, 29 б]. Ал естілік болса, тәрбиенің жемісі.

Қазақ әдебиетінде функционалдық сауаттылықты дамыту бағытында оқытуда педагогиканың, дидактиканың жаңашыл идеяларын қолдану керек. Бұл ретте оқу бағдарламасы, оқулық, оқу құралдары мен оқыту формалары, оқушының білімін тексеру мен бағалаудың жаңа формалары, жаңа оқыту технологиялары, білім мазмұнын сұрыптаудағы жаңашыл әдістер т.б. мәселелер аса өзекті болып табылады.

Сатылай кешенді талдау дегеніміз – оқыту мақсаты, міндеттері, тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар, оқушыларға білімнің ғылыми негізі сатылай, жүйелі , кешенді беріліп, ұлттық құндылықтарды бағалай қолдана білуге машықтандыратын оқыту түрі.

Сатылай кешенді талдау технологиясының мақсаты:

1. Тілде және әдебиет материалдарын оқушының жас ерекшелігін ескере отырып ғылыми негізде меңгерту.

2. Кез келген шаршы топта өз ойын шешен де шебер оқушының өз ана тілінің құдіретін басқаға таныта, бағалай білуге үйрету.

3. Түрлі шығармашылық жұмыстар арқылы оқушыларды іскерлікке, тапқырлыққа баулу.

4. Жазба жұмыстарын сауатты, жоғары деңгейде, шығармашылықпен орындай білуге төселдіру.

5. Қазақ әдебиетінің асыл мұрасын терең меңгеру арқылы әр сөздің мағынасы мен қолданыстағы ерекшелігін көрсету, сөз сырына бойлату арқылы танымдық дүниесін қалыптастыру.

6. Компьютерлік талдау арқылы оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық сауаттылығын жетілдіру.

Қазіргі уақытта кез келген оқыту әрекетіне қойылатын талап – адамға белгілі бір дағды, қабілет пен машықты игерту, яғни оқыту нәтижесінде адам тек теориялық білім алумен ғана шектелмей, қандай да бір әрекетті жүзеге асыруды үйренуі тиіс. Бұл ретте оқытудың дәстүрлі формаларын пайдалану жеткіліксіз. Керісінше, әрекетке бағытталған оқыту тәсілдерін пайдалану, интерактивті әдістемелерді қолдану әлдеқайда тиімді екендігі дәлелденуде.

«Интерактивті оқыту» ұғымы (interactive – ағылшын тілінде «қарым-қатынас») оқытушы мен оқушының бірлесе жүзеге асыратын әрекеті негізінде оқытуды білдіреді. Негізгі басымдық «оқытушыға» берілетін, ал оқыту барысындағы басты әрекет «білімді беру, үйрету» болып табылатын дәстүрлі түсініктегі оқытумен салыстырғанда, интерактивті оқыту «оқытушы» мен «оқушының» өзара іс-әрекеттесуін меңзейді, мұндағы басты әрекет – «білімді алу, үйрену», яғни «оқушының» әрекет барысында білімді өз бетімен игеруі.

Интерактивті оқытудың негізгі принциптері:

– білім игерілетін орта қалыптастыру;

– іс-әрекет арқылы оқыту;

– оқытуды өмірмен байланыстыру.

– оқушының өзіндік дербестігін қалыптастыру.

Интерактивті оқыту міндетті түрде іс-әрекет арқылы жүзеге асырылады, себебі істелген әрекет тыңдалған ақпарат пен көрілген мәліметтен гөрі есте жақсы сақталады.

Бұл ретте данышпан Конфуцийдің мына сөздері интерактивті оқытудың барлық мәнін ашатындай:

«Айтып бер – ұмытып қалайын, көрсетіп бер – есімде қалсын, өзіме істет – үйренейін».

Интерактивті оқытудың бір артықшылығы – оқыту үрдісі барысында оқушылардың өмірлік тәжірибесіне негізделген тұлғааралық қарым-қатынас жүзеге асады. Өмірлік тәжірибеге әр оқушының жеке пікірі мен көзқарасын, өзіндік ойы мен идеяларын, тұжырымдары мен дәлелдерін жатқызамыз. Оқыту барысында оқушылар бір-бірімен осындай тәжірибемен бөлісе отырып, өз беттерінше жаңа білім мен дағдыларды үйренеді.

Интерактивті оқыту әдістемесін қолдану арқылы оқушы бойында келесі дағдыларды қалыптастыруға болады:

– өз пікірлері мен әрекеттерін сараптау;

– ақпаратқа қатысты өзіндік пікір қалыптастыру әрі көп ақпарат ішінен өзіне қажетті мәліметтерді алу;

– жаңа ұғымдар мен жаңа білімді өз бетінше игеру;

– өз ойын білдіру және өзгенің пікірін тыңдау;

– тілдесу, пікір алмастыру, топпен жұмыс істеу;

– шешім қабылдау.

Мұндай дағдылардың қалыптасуы оқушыға жаңа білімді өз бетінше игеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, оның белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға жағдай жасайды.

«Егер…, онда…, өйткені…» Өтілген тақырыпты қорытындылауда оқушылардың өзіндік ой-пікірін білу үшін ыңғайлы әдіс. Оқушыны логикалық қорытынды жасауға, шығармашылықпен жұмыстануға жетелейді. Мысалға, Д.Исабековтың  «Қонақтар»  әңгімесін  «Егер…, онда…, өйткені…» әдісімен қорытындылауға болады. Оқушы «Егер  мен Сапабектің орнында болсам, онда мен ата-анама  қартайған шағында қол ұшын беріп, жанына демеу, қамқор болған болар едім, өйткені жарық дүние сыйлап, мәпелеп өсірген, тәрбие беріп, оқытқан ата-анам алдындағы парызымды ешқашан ұмытпаймын » немесе «Егер мен Ерғабыл шал  болсам, онда  бала тәрбиесіне ерте жастан  жіті көңіл бөлген болар едім, өйткені баласына бағыт бере алмаған,санасына ұлттық дәстүрді,ата-ананы құрметтей білуге толық үйретпегендігінен ол опық жеп отыр».

«20 секунд» әдісінде мұғалім көркем шығармадағы оқиғалар бойынша сұрақ қояды да, ол төңірегінде 20 секунд ойлануға уақыт береді. Қабылдауы тез оқушыларда бірінші секундтің өзінде жауап дайын болады. Бұл басқа оқушыларды осы жұмысқа ынталандыруға ықпал етеді. Ортаңғы және жоғарғы сыныптың оқушыларына жаздыруға да болады.

«3 минуттық үзіліс» әдісі мұғалім оқушыға шығарманың идеясы, ондағы түсініктер, олардың өткен сабақпен байланысы туралы ойлауға 3 минут уақыт береді. Бұл жұмыста мынадай сөздерді қолдануға болады:

Мен……деген өз пікірімді өзгерттім.

Мен……туралы көбірек мағлұмат алдым.

Мен……таң қалдым.

Мен……сезімде болдым.

Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Міне, осы тұста біз сындарлы оқыту теориясы мен оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселелерінің өзара байланысы мен өзектілігін айқындаймыз.

Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білімін кеңейтеді. Әдебиет – оқушыға беймәлім өмірді танытатын қуатты құрал. Әдебиет арқылы біз оқушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз. Адамға тәрбие беруші әуелі, ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, қоршаған орта екені баршамызға белгілі. Өнер, ғылым бар жұртта өскелең ұрпақ тәрбиені ата-анадан да, мектептен де, араласатын ортасынан да, өздері оқып жүрген қазақ әдебиетіндегі түрлі аңыз-ертегілерден де аларына ешкім шүбә келтірмейді. Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, ол адамды тәрбиелейді. Адамның өмірге көзқарасын танытады, мінез-құлқына ықпал етеді, күллі тіршілігіне әсер етеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды оқыған сайын өмір сырын, Отан, ерлік, елдік, жақсылық, жамандық, секілді ұғымдардың мәнін оқушы терең аңғарады. Олар өнерді сүйетін, одан рухани ләззат ала білетін, көркемдік талғамы бар, адамгершілікті, нәзік сезімді болып өседі.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. Ташкент: 1926. –231 б
  2. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі: оқулық. А.:Рауан, 1997. –288 б.
  3. Құнанбаев А. Қалың елім, қазағым: Өлеңдер/Абай Құнанбаев; Жауапты ред. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Зәки Ахметов. А.: Атамұра, 2002. – 224б.
  4. Қоңыратбаев Ә. Әдебиетті оқыту методикасы: оқулық. А.: Мектеп, 1985.–265 б.
  5. Ақшолақов Т. Көркем шығармаға талдау жасау. А.: Мектеп, 1993. –165 б.
Записи созданы 1268

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх