Номер части:
Журнал

ПРИМА-ҚОБЫЗ АСПАБЫНА АРНАЛҒАН И. А. ЛЕСМАННЫҢ АЛҒАШҚЫ ОҚУӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛЫНЫҢ БҮГІНГІ ПРАКТИКАДАҒЫ МАҢЫЗЫ (18-21)



Науки и перечень статей вошедших в журнал:


Прима-қобыз аспабына арналған И. А. Лесманның алғашқы оқу-әдістемелік құралының бүгінгі практикадағы маңызы

Кенжегалиева Айнур

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық

консерваториясының І курс магистранты

Алматы, Қазақстан

Аңдатпа. Мақалада белгілі скрипка орындаушысы, әдіскер И. А. Лесманның үш ішекті прима-қобыз аспабына арналған оқу-әдістемелік құралының қазіргі таңдағы жетілдірілген төрт ішекті прима-қобыз аспабымен байланысы мен оқу үдерісіндегі әдістемелік ерекшеліктері, практикадағы маңыздылығы талданады. Қобызшының отырысы, қобызды ұстауы, ысқышты оң қолмен дұрыс ұстау, ысқыш жүргізу, дыбыс шығару, сол қол саусақтарын ішекке басу тәсілдерін үйрету жаттығулары талданады. Қобызшылардың шығармамен жұмыс барысында музыкалық фразалар мен сөйлемдерді түсініп, аспаптың мүмкіншіліктеріне сай икемделуі түсіндіріледі.

Аннотация. В этой статье рассматривается и анализируется методические особенности в учебном процессе знаменитого скрипача, методиста И. А. Лесмана в контексте поэтапного развития трехструнного прима-кобыза и практическая значительность в изучений четырехструнного прима-кобыза. Анализируется правильное положение в музыкальном инструменте, способы держание смычка, а также упражнения обучающие методы постановок правых и левых рук. Обьясняется понимание исполнителей музыкальных фраз и предложений во время работы с произведением и правильное приспосабление к возможностям инструментов.

Abstract. This article examines and analyzes the methodological features in the educational process of the famous violinist, methodologist I. A. Lesman in the context of the phased development of three-stringed prima-kobyz and practical significance with four-stringed prima-kobyz. Analized the correct position in musical instrument, ways of holding the bow and right hand positions. Determined by performers thoughts about musical phrase and sentences during the work with composition and proper adaptation to the capacity of instruments. Covers techniques for full mastery of the tool.

Тірек сөздер: прима-қобыз, халық аспаптар оркестрі, ысқыш, әдістеме.

Ключевые слова: прима-кобыз, оркестр народных инструментов, смычок, методика.

Keywords: prima-kobyz, orchestra of folk instruments, bow, technique.

Кіріспе. Қазіргі таңда қазактың ұлттық аспаптары домбыра, шертер, саз сырнай, жетіген, сыбызғы, қобыз аспаптары ғалымдардың зерттеу нысанына айналып, жіті зерттеліп келе жатыр. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының әрқайсысы да зерттеу тақырыбы болып, орындаушылығы мен педагогикалық әдістемесінің елімізге кең ауқымда таралып жатқандығы осыған айғақ болып келе жатыр. Оның ішінде қолданылуы біздің дәуірден де бұрынғы ғасырлардан бастау алатын көне өнер саласы – қобыз тарту өнері де ғалымдарымыздың қаламына ілігіп, белсенді зерттелгендігі де қазіргі таңдағы ғылыми еңбектер мен ноталық жазба кітаптардан да анық байқалады. Қобыз тектес хордофонды аспаптар түркі тілдес халықтардың көпшілігінде кездеседі. Қазақтар мен қарақалпақтар қобыз тарту өнерін VIII-IX ғасырда Қорқыттың есімімен тығыз байланыстырады [1, б. 183]. Түркі тілдес халықтардан бастау алатын қобыз тарту өнері сан ғасырлар бойы бізге жетіп, көптеген күйлер сақталып, қобызшылардың репертуар қорынан ерекше орын алды. Қазіргі таңда қобыздың оркестрге лайықталып жасалған жаңа түрі прима –қобыз аспабы кең насихатталып, республика көлеміне кең таралды. Прима-қобыз аспабының шығу тарихы қазақтың ұлттық музыка мәдениетінің өсуіндегі ең маңызды кезеңдердің бірі – Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен тікелей байланысты. 1934 жылы оркестр құрылып, 1935 жылы Қазақстанның түкпір-түкпір облыстарын аралап, елге таныла бастады. Оркестрдің дыбыстық бояуына сәйкес болуы үшін көптеген аспаптар жаңартылды. Олардың ішінде қобыз, домбыра аспаптары да музыка аспабына қойылатын талаптарға сәйкес материалдардан әзірленді. Бұрын қобыз аспабы жасалуы жағынан қарадүрсін яғни, кез келген ағаштан жасала беретін болса, оркестр құрамына енгеннен кейін және де экспериментті шеберхана ашылғаннан кейін, қобыз аспабының көптеген бөлшектері жетілдіріліп, толықтырылып, жаңа сапалы аспап деңгейіне көтерілді [2, б. 121]. Оркестрдің профессионалды деңгейі өсіп, орындаушылық репертуардың да кеңеюі қобыз аспабының диапазонының ұлғаюына әкеледі. Қазақ аспаптарын керемет өңдеп, өзінің дыбыстық бояуын сақтай отыра жаңа деңгейлерге шығара білген шеберлер Э. Романенко мен Қ. Қасымов қобыздың жаңа түрін ойлап тапты. Бұл үш ішекті прима-қобыз аспабы болып табылды. Аспаптың бұрауы кіші октавадағы g және бірінші октавадағы d, a дыбыстарына келтірілді. Аспаптың екі ішегі қылдан, кейінгі ішегі сымнан жасалды. Бұл жаңартылған аспапта алғашқы орындаушылардың бірі Ф. Балғаева еді. 1944 жылы соғыстың қиын қыстау кезеңдерінде Алматы қаласында мемлекеттік консерватория ашылып, 1945 жылдың қыркүйек айынан бастап халық аспаптар бөлімі өзінің жемісті жұмысына кірісті.

А. Қ. Жұбановтың өтініші бойынша қобыз аспабынан И. А. Лесман сабақ бере бастады. Иосиф Антонович Лесман 1885 жылы Варшава қаласында туылып, 1910 жылы Петербор консерваториясын скрипка класы бойынша Л. С. Ауэрден бітіріп шығады. 1935 – 1951 жылдар аралығында Алматы музыка училищесінде сабақ берсе, 1944 жылдан бастап консерваторияда скрипка және қобыз класына ұстаздық еткен. Қобыз класында алғашқы оқушыларының бірі болып Ф. Балғаева оқуын бастайды. Негізгі мамандығы скрипка аспабы болғандықтан, И. А. Лесман жұмыс барысында скрипкада ойнау әдістемелеріне сүйеніп, қобызда ойнау әдістемесін ойластырады.

Зерттеудің жаңалығы. Зерттеуде алғаш рет И. А. Лесманның әдістемесіне сүйене отырып, бұрынғы қобызда ойнау әдістемесін қазіргі таңдағы орындаушылық әдіспен салыстырып, бүгінгі орындаушыларға арналған оңтайлы орындаушылық әдістері айқындалады. Қобызшылармен дайындала отырып, И. Лесман алғаш рет «Қобызда ойнау мектебі», «Қобызға арналған сабақтар жинағы» атты еңбектерін жарыққа шығарады. Қобыз аспабын зерттей отырып, қобызшының ойнаған әуендерін фортепианоға салып, кейін өзі сүйемел жасау арқылы қобызда орындау мәдениетін қалыптастырды. Алматы консерваториясында ұстаздық етпес бұрын, И. А. Лесман Петербор, Ленинград консерваторияларында жүргізген сабақтарының негізінде скрипкаға арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар жазған әдіскер [3, б. 16].

«Қобызда ойнау мектебі» атты еңбегі 1947 жылы жазылған. Бұл оқу-әдістемелік құрал жаңартылған қобызға яғни, үш ішекті қобызға арналған алғашқы оқу-әдістемелік құрал болып табылады. Бұл құрал 13 сабақтан құралған. Әр сабақ аспапта дұрыс орындау үшін қажетті әдістер мен тәсілдерден тұрады. Автор еңбегінің кіріспесін аспаптың жаңартылған бөліктеріне назар аудартып жазған. Аспаптың қыл ішектерінің орнына скрипка ішектерімен алмастырылуы дыбыстың ашық және жоғары регистрлерде ойналып, қобыздың күрделі шығармаларды орындау мүмкіндігінің артуына себеп болғаны баса айтылған. Садақ тәріздес иілген көне қылқияқтың орнын скрипканың ысқышы басты, оның себебі, біріншіден ұзын, екіншіден ішекке көп немесе аз мөлшердегі қылдармен тиіп ойнауға, үшіншіден орындаушының бұлшық еттеріне байланысты ысқыштың қылдарын қатайтып не болмаса босатып отыруға мүмкіндік беретін ұтымды жақтары ескерілген. Аталған өзгерістер қобызда шетелдің шығармаларын қиындықсыз орындауға көп көмегін тигізгені қазіргі біздің тәжірбиемізден көрініс тауып отыр.

Зерттеудің әдісі. И. Лесманның оқу-әдістемелік құралында қобызды дұрыс ұстап отыру, ысқышты ұстап үйрену жайында ауқымды сабақтар көрсетілген. Аспаптың түбі екі тізенің ортасында төмен қатты түсіп кетпей орналасуы керек, ал басы мойынның сол жақ бөлігіне қойылуы керек. Қобыз аспабының төменгі бөлігі дөңес болғандықтан, автор g ішегінде ойнау барысында ысқыш оң жақ бөксеге тиіп кетпеуі үшін аспапты сол жаққа қарай сәл-сәл бұру керектігін айтқан. Қазіргі таңда аспаптың түрі скрипка аспабына ұқсас болғандықтан, бұндай қажеттіліктер әдістемеден шыққан. Оң қол саусақтарының ысқышты ұстап үйренудегі тәсілдері қазіргі кездегі талаптармен сайма-сай болып келеді. “Ысқышты ұстауды ең алғашқы сабақтардан дұрыс қойып, басты назарға алған. Ысқышты ұстап отырып, саусақтарды төменге созудан кейін қайта дөңгелек етіп жинап, жаттығулар жасау арқылы саусақтарды еркіндікке үйрету болып табылады” [4, б. 2]. Бұл жаттығуды орындау барысында қолдың білезігіне тиын секілді затты қойып қайталауға болады. Бұл жерде көзделген мақсат, тек саусақтарды ғана жұмыс істетіп, артық қимылды бақылау болып табылады. Жаттығудың дұрыс не бұрыстығына тиынның білезік үстінде тапжылмай тұруы кепіл береді. “Ысқышты ұстап үйренгеннен кейін барып, аспапта дыбыс шығаруды қолға алған дұрыc”, — дейді әдіскер [4, б. 2] . Ысқыш тиекке қатты жақын немесе қатты алыс жүргізілмеуі керек. Бұл ұстанымдар қазіргі таңда да дәл осылай орындалып келеді. Тез ойналатын штрихтарда ысқышты тиектен алшақ, ал баяу ойналатын штрихтарда тиекке жақынырақ ойнау керектігі абзал деп санаған. Әр ішекке ауысқан сайын ысқышты да сол ішектің орналасу бағытына сәйкес жүргізіліп отыру қажеттігі туған. Себебі, аспаптың ішектері дөңес болып орналасқандықтан, g ішегінде оң қолдың шынтағы денеге жақын орналасса, d ішегінде орташа, ал a ішегінде шынтақ денеден алшақтайды [4, б. 3]. Бұндай оң қолдың қозғалыстары қазіргі прима-қобызда ойнауда аса бір көрініс таппайды. Себебі, жоғарыда айтып кеткеніміздей аспаптың қазіргі түрі скрипка аспабына біршама ұқсап кетті. Ішектер тиектің орнында бір деңгейлес болып келеді. Яғни, тиек қатты дөңес болып келмейді. Аталған сабақтар оң қолдың ысқышты еркін меңгеруіне арналған болса, кейінгі сабақтарда ысқышпен ішектерде сапалы дыбыс шығару, ішектен ішекке ауысу әдістеріне көңіл бөлінеді. Ішектен ішекке еркін ауысуды меңгергеннен кейін, сол қолды қосып дыбыс шығаруға арналған сабақтар жалғасын табады. Сол қолдың саусақтарын, ысқыш басқа ішекке ауысып кеткеннен кейін ғана аламыз. Егер, ашық ішектен келесі ішекке саусақ басу керек болса, ол саусақты алдын-ала басамыз. Бұл бізге дыбыстардың арасының үзілмеуіне, артық дыбыстардың шықпауы үшін қажет, дейді. Автор бұл сабақтарды негізінен скрипка аспабында ойнап үйрену әдістерімен ұштастырған. Орындаушының шығарманы толығымен тыңдарманға жеткізе білуі үшін, дыбыстардың біркелкі, бір жүйелі шығуы басты шарттардың бірі болып табылады. Ысқыш ішектердің бойымен тегіс әрі тең үлестермен жүргізіліп, ауыстырылып отыруы қажет. И. А. Лесман қобызға арнап бірнеше жаттығулар жазып, ойналу әдістерін көрсетіп жазған. Үш ішекті қобызда аппликатура өзгешелеу болған. Мысалға айтсақ, g ішегінде g ашық ішекпен, a дыбысы бірінші саусақпен ойналса, h үшінші, c төртінші саусақтармен ойналып, d дыбысы көршілес ашық ішекпен ойнаған. Бұндай аппликатураның қойылуы аспаптың мойнының ұзын болуы салдарынан, дыбыстардың араларының алшақ орналасуы себеп болып отыр. Кейіннен аспап төрт ішекті болып жаңартылған кезде бұндай аппликатурамен ойнау әдісі жойылды.

Зерттеу нәтижелері. Жаттығуларды орындаудың өзінде И. Лесман әрбір дыбысқа мән беріп, музыкалық фраза, сөйлем қалай құралатындығына көңіл аударған. «Әрбір сөйлемнің ішіндегі ырғақ, дыбыс тазалығы, штрихтардың дұрыс ойналуы, дыбыстардың жандандырылуы жұмыстарына аса мән берілуі, жоспар түрінде жүргізіліп отыруы мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді. Аталған жұмыстарды толық игеріп, сөйлемдерді жаттап алғаннан кейін барып, шығарманы толығымен орындаса болады. Бұл жұмыстарды дағдыға айналдыру үшін, студент күніне 3 сағаттан кем дайындалмауы тиіс болып саналады», дейді автор [4, б.3] . Өйткені, қобыз аспабы өте күрделі аспаптардың бірі болып табылады. Дыбыстардың тазалығын сақтап ойнаудың өзіне үлкен жұмыс, ізденістерді талап етеді. Аспапта дыбыс шығара білу және музыкалық ойдың тактілік ұстанымын біле отыра, әр дыбыстың өз биіктігіне сәйкес орнын таба білу қажет. Яғни, дыбыстың тазалығын сақтау үшін алғашында студент кварта және квинта интервалдарының естілу биіктігін анық ажыратуы тиіс. Танымал, құлақта жүрген халық әндерін айту арқылы оң нәтижеге жетуге болады, дейді. Кварта және квинта интервалдарын фортепианоға салып, тыңдап отыру керек. Сәл ауытқушылық олардың тазалығын бұзып, фальш бірден құлаққа естіледі. Мұндай әдістер қазіргі таңда балалар музыка мектептерінде сольфеджио сабақтарында жүргізіліп, мамандық сабағымен ұштасады. Квинта интервалын құлақта сақтағаннан кейін, аспаптың бұрауын келтіруге машықтана берсе болады. Үш ішекті қобыздың бірінші d ішегін, кейін g және a ішектерін келтірген. Біздің қолданысымыздағы төрт ішекті прима-қобыздың бірінші a ішегін кейін басқа ішектерін келтіреміз. Екі аспаптың да бұрауын ысқышпен түсірген абзал. Ішекті шертіп тарту арқылы бұрауды келтіру көп жағдайда таза квинтадан ауытқушылыққа әкеледі. Аспаптың бұрауын келтіріп үйрену басты шарттардың бірі. Себебі, студент жеке дайындық барысында өзі бұрауды келтіріп отыру қажеттілігі туады [4, б.14].

Әдістемелік оқу-құралда өзекті сабақтардың бірі ол, штрихтарды ысқыш бойына теңдей үлестіріп ойнау сабақтары болып табылады. Әртүрлі штрихтарға арналған жаттығулар ысқыштың қай бөлігінде ойналуы қажет екендігін автор нақты мысалдармен келтіріп жазған:

  • Жаттығуларды әндетіп орындау;
  • Әлді және әлсіз үлестерін аяқпен дирижерлау;

Аталған мысалдар музыкалық ой мен тактілердің формасын, музыканың мәнін анықтау үшін қажет деп санаған. Мұндай әдістерді қазіргі таңда музыка мектептерінде пайдалануы мүмкін. Алайда, аяқпен дирижерлау көпшілік жағдайда мақұлданбайды. Басты себептерінің бірі, оқушының бұл әдеттен бас тарта алмай қалуы, сыртқы эстетикалық, орындаушылық сипатына нұқсан келіп, ойнау барысында дыбыс сапасына кері әсерінің тигізуі болып саналады. Тактілердегі ырғақтық суреттерді ысқышпен дұрыс бөліп жүргізу ырғақты сезінудің басты кепілі. Ырғақты түсіну үшін автор кесте бойынша ретпен атап өткен:

  • Такт бойынша үлестерді реттеу;
  • Такт бойынша ойнау;
  • Ысқышты дұрыс бөліктерге бөлу және үлестердің орналасуына қарай ысқыштың да сәйкес келуі.

Сол қолды аспаптың мойнына орналастыру. Саусақтар ішек бойына тіп-тіке емес, сәл қисая орналасады. Бұл әдіс қазіргі прима-қобыздарында пайдаланылмайды. Саусақтар ішекке паралель орналасып, ішекте тырнақтың түбімен ойналады. Айта кететін жайт, тырнақтың түбімен ойнау тәсілі әлемнің ешқандай аспабында кездеспейді. Бұл тек қобыз аспабына ғана тән ерекшелік болып табылады. Дыбыстың тазалығына саусақтардың аспапта ойнау барысында ішек бойында ережемен ауысуы да әсерін тигізеді [4, б.20]. Мысалы, 1-ші саусақтан 2-ші саусаққа көшкен кезде, 1 саусақты жібере салуға болмайды. 4-ші саусақтан 3-ші саусаққа ауысқанда 4-ші саусақты ала салуға болмайды. Әр саусақ жеке-жеке өз нотасын ойнап қана қоймай, келесі дыбысқа бірсарынды ауысып отыруы, дыбыстың тазалығы мен сол қолдың техникасына үлкен әсерін тигізеді. Дыбыс тазалығын сақтау мақсатында жасалу керек жұмыстар кестесін автор былай тізбектеген:

  • Дыбысты ойда және дауыспен айту, қажет болса рояльда тексеріп отыру;
  • Ойша дыбыс биіктіктерін жоспарлау;
  • Белгілі бір дыбыстан кварта жіне жарты тондарды айту;
  • Саусақтардың бір – бірімен байланысы.

Әдістемелік құралдың соңғы сабақтары ысқыштың жүру жылдамдығына арналған. Ысқыштың жылдамдығы жартылық ноталарда ширек ноталарға қарағанда жәйірек болуы, осыған кері ширек ноталарда тезірек жүргізілуі керектігі, баяу орындалатын штрихтарды тиекке жақын, жылдам орындалатын штрихтарды тиектен алыс жүргізілу керектігі назар аудартады. Ысқышты жүргізудің осындай тәсілдері скрипка аспабында да дәл солай қайталанады. Қазіргі таңда да бұл әдістерді төрт ішекті прима-қобызда қолданады.

Қорытынды. И. А. Лесманның «Қобызға арналған сабақтар жинағы» оқу-әдістемелік құралы үш ішекті қобыз аспабын үйретуде зор үлесін қосқан алғашқы еңбек болып табылады. Скрипка аспабында ойнау әдістемелерінің негізінде жазылған бұл оқу-әдістемелік құрал қобыз аспабының мүмкіншіліктерін арттыруына да пайдасын тигізді. Аспапты қалай ұстап отыру, ысқышты қалай дұрыс ұстау және ішек бойында жүргізу, сол қолды ыңғайлы қою, аппликатураны дұрыс меңгеру, штрихтарды ысқыш бойында біркелкі орындау және т.б, әдіс-тәсілдер егжей-тегжейлі, үлгі ретінде жаттығуларды көрсете отырып жазылған. Музыкалық фраза, сөйлемдерді байланыстыра білу, әлді және әлсіз үлестердің кезектестіріліп келуін бақылау жұмыстарына да аса мән берілген. Аспапта ойнауда ең бірінщі керекті нәрсе – дыбыс тазалығын сақтау болса, автор дыбыс тазалығын сақтауға арналған әдістер, қажетті интервалдарды атап көрсетеді. Кейіннен жаңартылған төрт ішекті қобыздың дамуына, оқыту барысына аталмыш еңбек серпін ретінде көмегін тигізді. Оқулықтың әдістемесіне сүйене отырып, кейбір әдіс-тәсілдер өзгертілді. Себебі, ішек санының көбеюіне байланысты ысқышты жүргізу әдістемелері түрленді, аспаптың мойнының қысқаруына байланысты аппликатура өзгертілді, сол қол саусақтарының қойылымы түзелді. Заман ағымына сай жаңа әдістер қолданылып жатса да, әр әдістемелік оқу-құралдың негізінде аталмыш еңбектің ұшқыны көрініп тұрады. «Қобыз аспабына арналған сабақтар жинағы» қобыз аспабының даму тарихында алғашқы және құнды, бірегей оқулықтардың қатарына кіреді.

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Омарова Г. Кобызовая традиция. Вопросы изучения казахской традиционной музыки // Единство музыки, поэзии и магии как отражение целостности мифологического сознания в культуре кочевников. Алматы. 2009. – 183 б.
  2. Жұбанов А. Ән-күй сапары. Алматы: «Ғылым»., 1976. – 121 б.
  3. Рауандина Ш. Фатима Балгаева. Алматы. 2001. – 16 б.
  4. Лесман И. Школа игры на кобызе. Қолжазба. Құрманғазы ат. ҚҰК кітапханасы №7862 Л 50. Алма-Ата. 1947. Б. 2-20 .
Записи созданы 1268

Похожие записи

Начните вводить, то что вы ищите выше и нажмите кнопку Enter для поиска. Нажмите кнопку ESC для отмены.

Вернуться наверх